Петербург экономикалық форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петербург экономикалық форумы басталды

24.05.2018

Әлемнің 70 елінен жиналған саясаткерлер мен бизнесмендер, экономистер мен қаржыгерлер Санкт-Петербургте бас қосты. Ресейдің солтүстік астанасында Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды. Бұл жиынға қазақ делегациясын Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мәмин бастап барды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

-Халықаралық компаниялардың басшылары, білікті экономистер, сансыз сарапшылар, министрлер, тіпті, Президенттер. Петербург экономикалық форумына барлығы 15 мың адам жиналды. Ондағы мақсат – әлемдік экономиканың хал-ахуалын талқылап, тығырықтан шығар жолды бірлесе іздеу.

Форум барысында 150-ге тарта түрлі конференциялар мен басқосулар жоспарланған. Сондай жиынның бірі бүгін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі цифрлы экономиканы дамытуға арналды. Себебі, бұл бағыттың маңыздылығын тараптар жақсы түсініп отыр. Мәселен, дүниежүзілік банктің есебі бойынша, сандық экономикаға көшу арқылы 2025 жылға қарай, одақ елдерінің жалпы ішкі өнімі 1 пайызға өсіп, 8 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, бизнесмендердің шығыны 50 миллиард долларға азаяды. 

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-Министрінің  бірінші орынбасары:

- Қазақстан экономикасының маңызды бір саласы саналатын уран өндірісінде, цифрлы технологияның арқасында еңбек өнімділігі 10 пайызға артты. Бұл біз үшін 1 жылдың ішінде қол жеткізген үлкен табыс. Жалпы соңғы кездері сандық технология барлық секторда белсенді қолданылып жатыр. Нәтижесінде экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. 

Еуропалық кәсіпкерлер Еуразиялық одақ елдеріне қаржы құюға мүдделі. Алайда, бұл істі әзірге Ресей мен Батыстың текетіресі тежеп тұр. Сондықтан, кәрі құрлық елдерінің бизнесмендері Қазақ елін үлкен Еуразия нарығына апаратын қақпа ретінде қарастырады. Сол себепті еуропалық инвесторлар Қазақстан Президентінің Каспий мен Қара теңізді жалғайтын канал салу, Еуропа мен Қытай арасындағы тауар тасымалына дәнекер болу сынды бастамаларын құптап отыр.

Антонио Фаллико, «Еуразияны тану» қауымдастығының президенті:

- Қазақстан қазір қызмет көрсету саласында, соның ішінде көлік инфрақұрылымы бойынша жаңа жобалар ұсынып отыр. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын мұқият қарап шықтық. Қазір Еуропадағы бірқатар қаржы институттары, бұл жобаларды қаржыландыруға қалай қатысуға болатынын зерттеп жатыр. Президенттің бұл бастамаларын, биыл күзде Италияда өтетін Еуразиялық форумда Еуропа елдеріне кеңірек таныстыруды ұсынамын.

Петербург форумының аясында қазақстандық компаниялардың әлеуеті көпке таныстырылып, бірқатар отандық кәсіпорындар шетелдік әріптестерімен нақты келісімшарттар бекіткелі отыр. Ал, ертең форумның негізгі пленарлы отырысы болады. Ол жерде Ресей және Франция Президенттері мен Жапонияның Премьер-министрі баяндама жасап, пікірталасқа қатысады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу