Вирус өршіп тұрса да төтенше жағдай ережелерін ескермейтіндер көбейіп барады.
Атырауда түнгі уақытта мотоциклді тізгіндеген 19 жастағы жігіттің үстінен іс қозғалды. Ол қаланың орталық көшелерімен жүйткіп, жол ережесін бұзған. Енді карантин талабына бағынбаған бұзақының әрекеті сотта қаралады. Ал Жамбыл облысында 39 жастағы азамат, инфекциядан қорғанғысы келіп, көлігін полиэтиленмен қаптап тастаған. Тексеру нәтижесінде, оның 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Тәртіп бұзған тұрғынға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Солтүстік Қазақстан облысында полицей блок бекетті заңсыз айналып өту үшін бір миллион үш жүз мың теңге сұраған. Пара алмақ болды деп айып тағылған Шал ақын аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бейбіт Шәниев тергеу изоляторына қамалды. Сондай-ақ оның тікелей басшысы, аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды.
Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимі енгізілгелі 800-ге тарта ереже бұзу дерегі тіркелді. Көшеде спирттік ішімдік ішіп отырғандар да анықталды.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ