Елімізде венчурлік инвестициялардың болмауы инновациялық қызметті тежеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде венчурлік инвестициялардың болмауы инновациялық қызметті тежеуде

23.05.2018

Елімізде венчурлік инвестициялардың болмауы инновациялық қызметті тежеп отыр. Егер заң жобасы жетілдірілсе, тың жобаларға қаражат тартуға кеңінен жол ашылады. Әрі заманауи теxнологияның тілін білетін мамандарға сұраныс арта түспек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі осылай деді. Жеңіс Қасымбек xалықаралық тәжірибеде мұндай қорлар бизнесті дамытуға септігін тигізіп отырғанын айтты. Ал, елімізде венчурлік қорлардың нақты механизмі белгіленбеген. Бұл мәселені шешу үшін министрлік қор қызметі мен оларды басқару тетіктерін заң жүзінде бекітпек. Жаңашылдықтарға толы құжат бүгін Мәжіліс депутаттарының қолдауына ие болып, бірінші оқылымда мақұлданды. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Бүгінгі заң жобасының негізгі мақсаты – алғашқы екі мәселені шешу болып табылады. Бірінші мәселе, қазақстандық құқыққа опцион немесе акционерлік мәмілелер секілді жаңа келісімшарттық құрылымдар мен құралдарды енгізу арқылы венчурлік қаржыландыруды дамыту үшін құқықтық базаны құру, ал, екіншісі, қазақстандық венчурлік қорларды ортақ қаржыландыру шаралары бойынша индустриялық-инновациялық қызметтің мемлекеттік қолдау жүйесін толықтыру.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қарауға ұсынылып отырған заң жобасы венчурлік қаржыландыруды дамыту үшін қолайлы жағдай жасайтын, жалпы, мемлекеттік мақсаттарға қол жеткізу үшін тағы бір өте маңызды қадам.

Сондай-ақ, отырыста әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралды. Бұл ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин құжат Елбасының екінші әлеуметтік бастамасы бойынша жалақысы төмен азаматтарға 10 есе салықтық жеңілдіктер жасауға ықпал ететінін атап өтті. Тиісті өзгерістер келесі жылдан бастап қолданысқа енеді. Мұндай жеңілдікке табысы 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен ел тұрғындары ие болады.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу