Карантин кезінде Алматы қаласының экологиялық ахуалы жақсарған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Карантин кезінде Алматы қаласының экологиялық ахуалы жақсарған

21.04.2020

Әлемдік пандемияның да пайдалы тұстары бар. Әсіресе, алматылық экобелсенділер мен тұрғындар мегаполистің ауасы тазарып қалды деп қуанып жатыр. Қазір қаладағы ауаға экологиялық мониторинг жүргізілуде. Жоба жетекшілерінің айуынша, мегаполисте төтенше жағдай енгізілгелі ауаны ластайтын заттар көрсеткіші 50 процентке дейін азайған.

Төтенше жағдай кезінде қаладағы көлік қозғалысы 4 есе азайды. Мегаполисте 550 мың машина ресми тіркелген. Сырттан тағы 300 мыңға жуық көлік қатынайтын. Қазір осы нөпір азайғалы Алматы ауасы біршама тазарды. Айналаның қаншалықты жақсарғанын ауа сапасын бақылау станциясының мына мәліметтерінен де аңғаруға болады. Бұл ел аумағында жоқ бірегей экологиялық құрылғы. Фин елінен әкелінген станция 1,5 айдан бері күнделікті мониторинг жүргізеді. Ауа сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен алты көрсеткіш бойынша бақыланады.

Сарапшылар көлік қозғалысы ғана емес, қаланың экологиясын нашарлататын өзге де факторлар көптігін айтуда. Ол енді басқа мәселе. Ал әзірге карантиннен атмосфера толық тазарды деу әлі ерте. Десек те, қала көшелерінде көлік пен адамның саябырсуы тазалыққа сәл де болса сеп болғаны сөзсіз.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу