«Қазақстан Президентінің 5 мегатренді әлем елдері үшін өзекті». Он бірінші Астана экономикалық форумына жер-жиһаннан жиналған сарапшы-саясаткерлердің ортақ пайымы осындай. Форумның екінші күнінде жалпы жиыны отыздан астам тақырып талқыланып, ондаған меморандум мен келісімдер күн тәртібіне шығарылды.
Бүгін форумның екінші күні. Бес құрлықтан келген белді сарапшы-ғалымдар, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдері маңызды деген 31 тақырыпты сарапқа салды. Үш сағатқа созылған «Жаһандық өзгерістер практикумы» панельдік отырысы күннің басты пікірталас алаңына айналды. Мамандар жаһан жұртының арасындағы шиеленістердің жиілеп кеткеніне, әсіресе, алпауыт елдердің жиі шекісіп қалып жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда, халықаралық сарапшылар Елбасымыз ұсынған 5 трендті әлемді біріктіруші бастама деп атады.
Дэниел Пью, форум делегаты:
- Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана экономикалық форумында жария еткен 5 мегатренді Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей үшін, жалпы барлығы үшін өзекті. Өйткені, дәл солар Қазақстанға және әлемнің өзге елдеріне ықпал етеді. Бұл біршама айрықша сұрақ және онда Үкіметтің де, бизнестің де алдында тұрған міндеттер қамтылған. Бұл біз үшін де маңызға ие.
Сондай-ақ, көпшілікті қызықтырғаны Мемлекет басшысы атаған екінші тренд – энергетикалық революция. Форум делегаттары өндірісті жаңартылған энергия көздеріне бейімдемей, экономикада алға басам деу бекершілік деген пікір білдірді. Бұл ретте «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен халықаралық «ЭКСПО» көрмесін өткізген Қазақстан көпке үлгі. Біздің ел 2013 жылы қабылдаған «жасыл» экономика тұжырымдамасы негізінде 2030 жылға қарай энергетикалық баланстағы баламалы қуат көзін 30 пайызға жеткізіп, Париж келісіміндегі міндеттерді орындауда алға шықпақ.
Рае Квон Чунг, Нобель сыйлығының иегері:
- Қазақстанда қазіргі күні «жасыл» экономикаға айрықша бетбұрыс байқалады. Қазақстан баламалы энергетиканы дамытуға білек сыбана кіріссе, Жел энергиясын Қытай, Корея мен Жапония елдеріне тасымалдай алады. Ол үшін Моңғолияның энергетикалық жүйесіне қосылу қажет. Сондай-ақ, сіздердің елдеріңіз қолға алып жатқан «Жасыл көпір» бағдарламасының берері мол.
Ал, нәзік жандылар жайы «Әйелдер көшбасшылығы қазіргі заманға қалай ықпал етуде» деген атаумен өткен сессияда қаралды. Сессия отырысына қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова шетелдік меймандарға Қазақстан экономикасындағы әйелдердің рөлі туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік индексіне сәйкес, Қазақстан 52-ші орында, ал экономикаға әйелдердің қатысу көрсеткіші бойынша 30-шы орында.
Скотт Фаргер, Мохаммед Бин Рашида атындағы мемлекеттік басқару мектебінің профессоры:
-Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді. Бірақ, менің ойымша олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып тиімді ықпалдаса алады. Бүгінде біз әлемде болып жатқан түрлі геосаясаттың ықпалын бақылау үстіндеміз. Атап айтқанда, Қытай экономикасының өсуі, Таяу Шығыста тұрақсыздық жағдайы орын алуда. Сондықтан, қазір азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет.
Форумда цифрлы экономика мәселесіне де айырықша мән берілді. Ұлыбритания үкіметінің технологиялар бойынша кеңесшісі, Лиам Максвеллдің айтуынша, Қазақстандағы цифрландырудың болашағы зор. Себебі, дұрыс тәсіл таңдалып, басымдықтары алдын-ала анықталған. Ендігі жерде зор сенім мен мықты мамандар тобы қажет. 2030 жылға таман жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн. долларға арттыратынын ескерсек, цифрландыруға көшудің маңызы зор.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қазақстанның мемлекеттік аппараты болашақта шағын, бірақ тиімді болады. Қазір Қазақстанда 700-ден астам мемлекеттік қызмет бар. Алдағы уақытта оның 80 пайызын электрондық нұсқаға көшіру жоспарланған. Яғни, бұл қызметтер адами факторсыз ұсынылатын болады, яғни, мемлекетке жүгінген азамат белгілі бір анықтаманы қандай да бір мемлекеттік қызметшінің көмегінсіз, сәйкес мәліметтер базасы, ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде ала алады.
Досымжан Ермұрат, тілші:
- Жалпы, бүгін форум делегаттары «Әлемнің жаңа қаржы географиясы», «Байқоңыр» венчурлық инвестициялар үшін», «Мүмкін еместі қайтару: 2050-ші жылғы қалалар» сияқты күн тәртібіндегі 31 тақырыпты талқылады. Айта өтейік, он бірінші Астана экономикалық форумы ертең қорытындыланады. Қорытындысында, ондаған меморандум мен келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.