Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллион 400 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллион 400 мыңнан асты

20.04.2020

Соңғы мәліметке қарағанда, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллион 400 мыңнан асып, 165 мыңдайы қайтыс болды. Ал дәрігерлер індетті қайта өршітпеу үшін әлеуметтік оқшаулану мен өзге де шектеу шараларын дереу емес, бірте-бірте алып тастаған жөн екенін айтады. Бұл мәселе АҚШ-та президент пен губернаторларды үлкен дауға ұрындырды. Вашингтон, Колорадо, Монтано, Аризона тұрғындарды шеруге шығып, өздерін карантиннен тезірек босатуды және экономиканы қайта ашуды талап етіп жатыр. Ал Испания, Италия, Германияда жаңа вирусты жұқтырғандар мен одан жан тәсілім еткендер азайып келеді. Сондықтан бұл мемлекеттер карантинді жеңілдетуге кірісті.

Ауғанстан президентінің сарайында 20 қызметкерден Covid-19 инфекциясы табылды. Сондықтан, 70 жастағы Ашраф Ғани өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр.

Түркиядағы ахуал да қиын. Мұнда коронавирус жұқтырғандар саны Қытайдағы көрсеткіштен де асып, 86 мың 300-ге жетіп отыр. Эпидемия өршігендіктен, Ыстанбұлдың Ататүрік әуежайында шұғыл госпиталь салынып жатыр.

Ал Иранда дауасы жоқ дертке шалдыққандар 91 мыңға жетіп, 5200-ден астамы қайтыс болды. Осыған қарамастан, ел астанасы Тегеранда вирустан аз қауіп төнген кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат беріле бастады.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу