Экономикалық форум аясында мұнай-газ саласының өкілдері де жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық форум аясында мұнай-газ саласының өкілдері де жиналды

18.05.2018

Астанада өтіп жатқан экономикалық форум аясында мұнай-газ саласының өкілдері де жиналды. Олар мұнай және газды геологиялық барлау бойынша екінші халықаралық жиында бас қосты. Кеше басталған шара бүгін де бірнеше панельдік сессияларға бөлініп өтіп жатыр. Онда еліміздегі кен орындардың бүгіні мен ертеңі талқыланды.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерін дамытуды тапсырған болатын. Ол бойынша Жер қойнауы туралы жаңа кодекс қабылдау керектігін айтқан еді.

«Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Көп ұзамай «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қабылданды. Ерекшелігі сол - жер қойнауы саласындағы барлық сұрақ бір құжаттың ішінде жинақталған. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де тиімді. Мамандар жаңа құжаттың игілігін әзірден көріп жатыр. 

Әнуар Жақсыбеков, «Ембімұнайгаз» АҚ  басқарма төрағасы:

- Біздер бірінші болып Қазақстанда  цифрлы кен орнын іске қостық.  Үлкен пайдасы бар. Мысалы, біздің шығындарымызды 10 есе қысқартты. Электр энергиясын үнемдедік. Операторлар кезінде 12-15 ұңғымаларды аралап жүрсе, қазір аралауға қажеттілік жоқ. Бүгінде оның қолында планшеті бар. Онда бәрі көрініп тұрады. 

Форумның мақсаты - инновациялық технологияларды зерттеу және енгізу арқылы Қазақстандағы мұнай геологиясын дамытуға жан-жақты жәрдемдесу. Ол бойынша шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, жаңа кен орындарын ашу, мұнай қорларын зерттеу және баламалы энергия көздерін пайдалану секілді мәселелер де талқыланды. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу