Вирус жұқтыруы ықтимал азаматтарды тіркеу жаңа web-қосымша арқылы іске асырыла бастады. Яғни жұмыс толық автоматты жүйеге көшті. Медицина қызметкерлері үшін қағазбастылық азайып, жұмысы жеделдеді. Сондай-ақ бұл қосымшаның құпия деректерді сақтау мүмкіндігі де жоғары.
Қалаға кірер тұстағы блок бекеттер, әуежайлар мен вокзалдардағы санитарлық пункттерде медицина қызметкерлері жаңа қосымшаны қолдана бастады. Вирус жұқтырғандармен тікелей байланыста болған адамдар да енді осы жүйе арқылы тізімге алынады. Ақпарат веб-порталға бірден жүктеледі. Мамандар бұрынғыдай деректі алдымен қағазға жазып, одан кейін компьютерге теріп уақыт жоғалтпайды.
Екселлдің бір кемшілігі – жеке мәліметтің қауіпсіздігіне кепілдік аз еді. Ал бұл қосымшаның ақпаратты құпия сақтау мүмкіндігі жоғары. Өйткені жүйеге кіруге санаулы қызметкердің ғана рұқсаты бар.
Жаңа веб-қосымша арқылы ел аумағында коронавирустың таралуын да сол мезетте бақылауға болады. Тіпті, адамдарды ауру симптомдары бойынша да топ-топқа бөліп қарауға ыңғайлы. Бұл індеттің кең таралуының алдын алуға сеп болады.
Амангелді СЕЙІТХАН