Бельгияда коронавирус жұқтырғандардың саны 36 мыңнан асты. 5163 адам пандемияның құрбаны болды. Індеттің өршуіне тосқауыл қою үшін үкімет карантинді 3-мамырға дейін ұзартты.
Бельгияда осыдан бір ай бұрын карантин сәуірдің 19-на дейін жарияланған болатын. Енді үкімет оны 3-мамырға дейін созды. Себебі, індет жұқтырушылар мен одан қайтыс болушылардың саны азаймай тұр. Сондықтан, дәрігерлер, экономистер мен әлеуметтанушылардан құралған сарапшылар тобының өкілдері карантиннен шығуға әлі ерте деп отыр. Бельгияның премьер-министрі Софи Вилмес те «қалыпты өмірге көшу-кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты. Сұхбатын назарларыңызға ұсынамын.
COVID-тің таралуына тосқауыл қою үшін елдегі спорттық, мәдени шаралар тамыздың 31-не дейін өткізілмейді. Дегенмен, үкімет дүйсенбіден бастап үй жануарлары мен көшет сататын дүкендердің ашылуына рұқсат берді. Және бір үйден бір адам қарттар үйіндегі әке-шешесімен, ата-әжесімен кездесе алады. Бұл қариялардың денсаулығына қауіпті деген қарттар үйінің басшылығы Премьер-министрдің бұл шешіміне қарсылық білдіріп жатыр. Мектептер, сауда орындары қашан ашылатыны 24-сәуірде өтетін қауіпсіздік кеңесінің отырысында белгілі болады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ