Бидай экспортымен айналысатын отандық кәсіпкерлер төтенше жағдайға байланысты қиындыққа тап болды. Вагондарға тиеліп қойған өнімдерін шетелге шығарып, сата алмай отыр. Бұл проблема Атамекен кәсіпкерлер палатасының онлайн жиынында талқыға түсті. Кәсіпкерлер шетелдік нарықтан айырылып қалуымыз мүмкін деп алаңдаулы.
Бұндай жағдайға 70-ке жуық кәсіпкер тап болды. 900-ге жуық астыққа толы вагондар станцияларда тұрып қалған. Қазір басым көпшілігінің мәселесі шешілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жағдайға бизнесмендердің өздері де кінәлі деп отыр. Себебі бидайды вагонға жүктемей тұрып ешқандай құзырлы мекемеден рұқсат алмаған.
Еске салайық, бидай экспорттаушыларға сәуір айына 200 мың тонна квота берілген. Ал бұған дейін ай сайынғы экспортың көлемі одан үш есе көп болды. Жалпы, 2019 жылдың маусым айынан бері 6,4 миллион тонна астық шетелге сатылған. Ал 2018-2019 жылы Қазақстан 10,8 миллион тонна бидай экспорттады
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ