Елордадағы халықаралық әуежайда миллиардтарды жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталды. Әуежайдың бас есепшісі екі қылмысқа қатысы бар деп танылған. Ол «30-дан астам компания есепшотына ақша аударып, әуежайдың 1,7 миллиард теңгесін жымқырды, жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне пара берді» деп айыпталған. Әуежайдың бұрынғы басқарма төрағасының да ісі қаралды. Сонымен қатар, пандемия кезінде парамен ұсталғандарға қатысты тергеу басталды. Алматыдағы Жетісу ауданы әкімі аппаратының екі бас маманы бекеттен кіріп-шығу үшін тұрғындардан 280 мың теңге пара алып келген. 10 жүк көлігінің кедергісіз жүруі үшін 330 мың теңге пара алған Алматы қалалық көліктік бақылау инспекциясы басшысы да уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жалпы төтенше жағдай кезінде 251 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
Гаухар ТӨЛЕКБАЙ