Басын қатерге тігіп, ауру ошақтарында үй бетін көрмей, адал еңбек етіп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерен. Елдің амандығы үшін жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген ақ халаттылар қандай құрмет-қошеметке болсын лайық. Осы орайда, індетпен күреске ат салысып жүрген медицина қызметкерлеріне қосымша үстеме ақы тағайындалған болатын.
Батыс Қазақстан облысындағы қызметкерлері қосымша төлем алған мекеменің бірі- Бәйтерек ауданындағы провизорлық стационар. Бүгінде 20-ға жуық маман науқастарға медициналық қызмет көрсетеді.
Ал кеншілер өңірі Қарағандыда республикалық бюджеттен 1349 маманға жалпы сомасы 139 миллион теңге төленді. Сыйақы мөлшері сағат санына және қызметкердің біліктілігіне байланысты. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен тағы 1677 маманға қосымша еңбекақы берілді. Оның ортақ сомасы 197 миллион теңгеден астам.
Ақмола облысында боса, 529 медицина қызметіне қосымша ақы төленді. Ал Маңғыстауда жедел-жәрдем қызметінде жұмыс істейтін 633 қызметкерге 2 жалақы мөлшерінде үстемақы берілетін болды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 78 миллион теңге бөлінді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ