Мұнай құны тағы төмендеді. Бүгін Лондон биржасында Brent маркалы мұнай бағасы баррельіне 29,38 долларға саудаланды. Ал WTI 20,75 долларға түсті. Тек екі күн бұрын Btent-тің баррелі 33 доллар шамасында, WTI 25 доллардың маңайында сатылған. Еске салсақ, наурыздың басында әлемдік мұнай нарығында сауда соғысы орын алды. Бұған Ресей мен Сауд Арабиясының ОПЕК+ келісімінен шығып кетуі себеп болған еді. Нәтижесінде, мұнай фьючерстері 20 жылда болмаған құлдырауды бастан кешті. Алайда өткен аптада ОПЕК+-тің төрт күндік келіссөздерінен соң ымыраға келіп, құрамындағы 23 мемлекет мамырдан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келіскен. Осыдан соң қара алтын құны ептеп көтерілген еді.
Теңге бағамында да өзгеріс бар. Бүгін бір АҚШ доллары 425 теңге деңгейінде бекіді. Апта басында, яғни Brent құны баррельіне 33 долларға саудаланғанда бір доллар 427 теңге еді.
Ләйла ДУЛАТ