Азық-түліктің бағасын белгіленген мөлшерден асырып сатқан кәсіпкерлер әкімшілік жазаға тартылуда. Елімізде азық-түліктің 9 түріне шекті баға қойылған және бұл талаптың орындалуын тексеретіндерге сауда орындарына алдын ала ескертпей баруға рұқсат.
Бағаны бақылап жүрген арнайы топ Өскемендегі гастрономның біріне тәңертең сау ете қалды. Азық-түліктің 9 түрі үшін әр облыста шекті баға бектілсе де, талапты құлағына ілмегендердің барына көз жетті.
Ал бұдан былай бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге бірден 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бір рет әкімшілік жазаға тартылып, азық-түлікті қымбатқа сатуды қоймаған кәсіпкерге екінші рет 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Алматыда да әкімдік өкілдері мен тәртіп сақшыларынан құралған мобильді топтар азық-түлік дүкендерін аралап, бағаны бақылауға алды. Нәтижесінде 9 кәсіпкердің заң бұзғаны анықталды.
Азық-түлік құнын бақылауға қарапайым тұрғындар да көмектесуде. Тізімге кірмеген тауарларға қатысты да қымбатшылық бар деген шағымдар да жетерлік.
Берік КӨШЕРБАЙ