Н.Назарбаев бүгін XI  Астана экономикалық форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев бүгін XI  Астана экономикалық форумына қатысты

17.05.2018

Бүгін Астанада «Global Challenges Summit 2018» форумының жұмысы басталды. Осы экономикалық форумға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қарым-қатынас мәселесінде алпауыт мемлекеттердің негізгі проблемасын атады. Халықаралық деңгейдегі мұндай жиын елордамызда осымен 11-ші рет өтуде.

Форум жұмысы 19 мамырға дейін жалғасады. Негізгі талқыланған және талқыланатын мәселе - жаһанның даму үдерісі және адамзаттың табиғатпен үйлесімін күшейту жайы.

Астана экономикалық форумы уақыт өткен сайын тек ірілердің бас қосатын және жалпы әлемге ортақ қағида ұсынатын алаңға айналып келеді. Оны форумға қатысқан тұлғалардан анық байқауға болады. Халықаралық аренада ауызы дуалы саясаткерлердің айтар ойы бөлек және ебін тапсаң, қажетіңе жаратар тұсы да көп. Елбасы өз сөзінде осыны меңзеп өтті.

Елбасы осыдан кейін өз баяндамасын жалғап, ғаламға қажетті бес негізгі міндетті және осы бағытта Қазақстанның не істеп жатқанын айтты. Бірінші мегатренд– барлық қызмет түрі және қоғам мен бизнес саласы түгел цифрлық жүйеге көшеді. 2030 жылға қарай осы бағыттағы ақша айналымы 16 трлн. долларға жетеді деген болжам бар. Осы орайда Қазақстан да бүгіннен қамданып отыр. Халықтың 85 пайызының цифрлық сауаттылығы артады. Өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі 1,5 есеге артады.

Екінші тренд – таза энергия өндіруге бағытталған энергетикалық революция. Бұл үрдістен Қазақстан да тысқары қалып отырған жоқ. Сәтті өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрменің арқасында «жасыл» энергия өндірісі жүйелі дамуда. 2030 жылға қарай елімізде өндірілген қуаттың 30 пайызы баламалы энергия көздеріне тиесілі болады. Үшінші тренд – әлемде халық санының жылдам өсуі. Қазақстанда адамның орташа өмір жасы тәуелсіздік жылдарында 65-тен 72,5 жасқа өсті. Болашақта 10 млрд. халыққа бүгінгіден 60 пайызға артық азық-түлік өндіруге тура келеді. Осы орайда Қазақстан алдағы 5 жылда агрокешен саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Төртінші мегатренд – урбанданудың қарқыны мен сипаты өзгерді. Мегаполистер дәуірлеп келеді. Қазақстан агломерациялық стратегияны жүзеге асыруды бастады. Бұрын бізде халық саны миллионға жеткен бір ғана Алматы болса, қазір оның қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Бұл үрдіс жалғасады. Сондықтан да 5-шілде күні Астананың 20 жылдығы аясында Жібек жолы елдеріндегі ірі қалалар форумының өтуі тектен-тек емес. Бесінші тренд – еңбек нарығындағы күрделі өзгерістер. Адам миын роботтар алмастыруы мүмкін. Білім саласындағы сәтті реформалар бұған төтеп бере алады. Ең бастысы, дер кезінде қажетті ақпаратты тауып және оны тиімді пайдалана білу. Ғылым мен техника қарқынды дамыған заманда адамдар өз ғұмырында бірнеше мамандықты игеруге бейім болуы тиіс.  

Мінберге шыққан келесі спикер Бірікен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун барлық елдің «жасыл» экономика тәртібіне көшкені жөн деген пікір білдірді. Адам күші табиғаттан үстем, бірақ, сол үстемдікті пайдалана бермей, бір сәт табиғатты да тыңдау керек. Осы орайда Қазақстанның «жасыл» экономика бойынша атқарып жатқан жұмысы көпке үлгі екенін атап өтті.

Пан Ги Мун, БҰҰ сегізінші Бас хатшысы, Боао Азия форумы кеңесінің төрағасы:

- Қазақстанның 2013 жылы «жасыл» экономикаға өту туралы қабылдаған шешімі Еуроодақ талаптарымен толық сәйкес келеді. Алға қойған мақсаты -  2050 жылы электр қуатының 50 пайызын баламалы энергия көзінен алу. Қазақстанда 2017 жылы жұмысын бастаған Жасыл технология орталығы қызметінің мүмкіндігі мол. Кейін әлемдік деңгейдегі орталыққа айналуына мүмкіндігі зор.   

Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд та «табиғатпен санасу керек», - дейді. Осы орайда Қазақстан басшысының «G-Global» бағдарламасы қазір әлемдік деңгейде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Франсуа Олланд, Францияның бұрынғы президенті:

- Президент Назарбаев «G-Global» мәселесін көтерді. Бұл бастама БҰҰ деңгейінде іске асырылып келеді. Осы тұғырнама өзіндік тетіктерді құруы тиіс, бұл өз кезегінде бізге аталған мақсатқа жетуге жәрдемдеседі. Сондықтан, қандай да бір қосымша құрылымды құрудың қажеті жоқ. Себебі, оның барлығы БҰҰ мен «G-Global» тұғырнамасы аясында қамтылып отыр.

Қазақстан - тәуелсіздігін жақында алған жас мемлекет. Бұл жаһанның қарқынды дамуымен қатар келген уақыт. «Бұл сіздерге қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» деген модератордың сұрағына Елбасы «Біз барлық жағдайға дайынбыз және тек оптимистік көзқарастамыз», - деп жауап берді.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу