Елбасы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекті қабылдады

15.04.2020

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Біз біргеміз» қоғамдық қорына қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын жеткізді. «Менің бастамаммен құрылған қоғамдық қорға біраз қаражат жиналды. Мұқтаж жандарды қолдауда ерекше белсенділік танытқан еліміздің кәсіпкерлік құрылымдарына рахмет айтамын»,- деді Елбасы. Сондай-ақ «Жас Отан» белсенділері мен еріктілер қиын-қыстау сәтте бір кісідей жұмылып, халық игілігі үшін аянбай еңбек етіп жатыр. 50 мыңнан астам отбасыға азық-түлікпен қажетті заттар берілген. Қоғамдық қор есебінен 152 мыңнан астам жанұя 50 мың теңгеден бірреттік жәрдемақы алды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. «Мамыр айынан бастап біз мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің екінші легін бастаймыз. Бұл- Үкімет тарапынан беріліп жатқан көмекке қосымша қолдау»,- деді партия төрағасы.

Елбасы халықты тағы да бірлікке шақырады. «Қазір ешкімге де оңай болып тұрған жоқ. Шағын кәсіп иелеріне де қиын. Бірақ жетістікке жету үшін шыдамдылық таныту керекпіз», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақерке БЕРІКБЕК


Хабарламаларға жазылу