Қордайдағы қақтығысқа қатысы бар 24 адам Алматыда қолға түсті. Олар Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктерге араласты деген күдікке ілініп отыр. Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер Қылмыстық Кодекстің 272-бабы бойынша екі айға қамауға алынды. Еске салайық, ақпанда Масаншы, Ауқатты, Бұлан-Батыр ауылдарында қақтығыс болып 300-дей адам қатысқан еді. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 185 адам зардап шекті. Олардың 11-і қаза тауып, 34-і ауыр жарақат алған. Төтенше жағдайдан соң Мемлекет басшысы қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметтік комиссия құрылды. Өңірдің бас полицейі, облыс әкімінің орынбасары, Қордай ауданының әкімі жұмыстан босаған еді. Ал кейін Жамбыл облысының әкімі де қызметінен кетті. Осы қақтығысқа орай, наурыздың соңында Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында арнайы операция өтіп, күштік құрылымдар 25 адамды қолға түсірді. Кінәсі дәлелденсе, олар үштен сегіз жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Альбина ӘШІМ