Төтенше жағдай режимі сәуірдің соңына дейін ұзартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай режимі сәуірдің соңына дейін ұзартылды

10.04.2020

Елімізде Төтенше жағдай режимі сәуірдің соңына дейін ұзартылды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және өзге де қалаларда енгізілген карантин тәртібінің мерзімі де мамырға дейін созылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында осындай тапсырма берді. Сондай-ақ президент 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны беру, азық-түлікпен қамту, Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша да Үкіметке бірқатар міндет жүктеді.

Дәрігерлер, полицейлер, әскерилер, алдыңғы шептегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен волонтерлар Президенттің мадағына ие болды.

Президент жәрдемақыны шын мәнінде мұқтаж жандар ғана алуы тиіс екенін жеткізді. Ал алаяқтарды аямай, қоғам алдында айыптауды ұсынды.

Аймақтар алдында тағы бір ауқымды міндеттер тұр: су тасқынын болдырмай, көктемгі егістікке кірісу. Бұл ретте мемлекет диқандарға мейлінше демеу болу үшін 170 млрд теңге бөліп отыр. Бірақ шұғыл шешімді талап ететін түйткілдер де жоқ емес.

Президент көтерген басты мәселелердің тоқ етері де: халықтың денсаулығына қауіп төндірмеу. Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау кезеңде қарттар мен мүгедектерді керек-жарақпен қамтуды, азық-түлік бағасын қадағалауды тағы бір тапсырды. Ал үйге қамалып, осы жағдайға төзе білген жұртқа алғысын айтты. Рақметке карантинде концерт өткізіп жүрген әншілер де бөленді. Отырыстың оймақтай әрі басты ойы: бұл дағдарыс барлық осал тұсымызды ашып берді. Бірақ мұны да жаңа мүмкіндік деп қабылдаған жөн.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу