Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жылыжай шаруашылығымен айналысатын диқандарды да дағдартып тастады. Өйткені қызанақ пен қиярдың зиянкестеріне қарсы себілетін, сондай-ақ оларға қорек ретінде берілетін бірқатар дәрілік заттар, минералды тыңайтқыштарды шетелден тасымалдау тоқтап қалды. Оның үстіне дайын өнімді өзге аймақтарға жеткізуде де қиындықтар көбейді. Көкөністердің күтімі келіспегендіктен өнім азайып, диқанның табысы да азайып кетті.
Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 1 мың гектардан астам жылыжай шаруашылығы бар. Олар агрохимикаттар мен минералды тыңайтқышты былай қойғанда, ең ақыры қызанақ пен қиярдың гүлін тозаңдандыратын жәндіктің өзін шетелден сатып алып келген. Енді оның бірі де жоқ. Ол аздай көкөністі тұтынушыға дер кезінде жеткізу де мүмкін болмай отыр.
Бұл мәселені шешуге жергілікті биліктің құзыреті жетпейді. Ал, минералды тыңайтқыштарды тасымалдау ісіне жуық арада рұқсат берілмек. Ол үшін шаһар аумағын карантинге жабу туралы қаулыға өзгеріс енігізілмек.
Оңтүстік өңірінде жылыжайдан бір маусымның өзінде 100 мың тоннадан астам өнім жиналады. Биылғы қиындық, көкөніс көлемін әжептәуір азайтып тастайтын түрі бар.
Ғани ҚАЛМАХАН