Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сауда айналымы ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сауда айналымы ұлғаяды

02.05.2018

27 сәуірде Пханмуджомда өткен Кореяаралық тарихи саммит Астана мен Сеулдің экономикалық қарым-қатынасын жақсартуға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстанға келген Оңтүстік Корея Республикасының жанындағы Солтүстік экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитет басшысы, вице-премьер Сон Ён Гиль біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Алғаш рет Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ол логистикалық, инфокоммуникациялық және медициналық бірлескен жобалар туралы Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізбек ниетте. Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея теміржолдары бір-біріне қайта жалғасса, оңтүстіккореялық компаниялар Солтүстік Корея арқылы арқылы Қазақстанға жүк тасымалдайды. Сон Ен Гиль  Қазақстан мен Кореяның арасындағы тауар айналымы ұлғаятынына сенімді.

Сон Ён Гиль, Оңтүстік Корея Республикасының жанындағы Солтүстік экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитет басшысы, вице-премьер:

- Біз Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға сапарын тезірек ұйымдастыруға тырысамыз. Екі елдің ара қатынасы 1992 жылы орнаған. Тауар айналымы 1,5 миллиард доллар болғанын білеміз, бірақ, болашақта бұл сан 10 миллиард долларға жетуіне тілектеспіз. Инфокоммуникациялық салада екі елдің ынтымақтастығын жандандырып, медициналық қызметкерлердің тәжірибе алмасу бағдарламасын ұлғайту қажет. Ауыл шаруашылығы саласында «ақылды ферма» технологиясын қолдану арқылы жақсы нәтижеге жетуіміз де мүмкін.  Қазақстанда 100 мыңнан астам корей тұрады. Олар елдеріңіздің экономикалық дамуына үлес қосып жатыр, оларды ешкім шеттетіп жатқан жоқ. Сол үшін алғысымыз шексіз. Ал, мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартуы барлық дүниежүзі үшін үлгі аларлық іс деп ойлаймыз. Біз Сіздердің Президенттеріңіздің бастамалары туралы ақпаратты жинақтап, Ким Чен Ын Мырзаға көрсеткіміз келеді.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу