Биыл Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы егіс алқаптарында су тапшылығы болуы мүмкін. Сол себепті, су қоймаларының жұмыс кестесі қайта қаралып, әзірленді. Кейбіріне су толтырылып жатыр. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Су тапшылығы бізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де байқалады. Сол себепті, министрлік өзбек, қырғыз және тәжік әріптестерімен бірлесе тиісті жұмысты жүргізіп жатыр. Сырдария, Шу, Талас өзендері мен мемлекетаралық каналдар бойынша Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарын қажетті сумен қамтамасыз ету — басты назарда.
Елдегі су қоймаларының жұмысын реттеп, жаңадан 28 қойма салмақ. Бұл су қоймалары 3,8 текше шақырым көлемдегі суды жинауға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде 470 мың гектар алқапты суара алады. 12 су қоймасын тек суару үшін ғана емес, сонымен қатар, 70 елді мекенді су басу қауіпінен қорғау үшін де пайдалану көзделіп отыр.
Азамат НҰҒЫМАН