Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қолданыстағы TSE үш әріпті кодын NQZ-ге өзгерту туралы түпкілікті шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2020 жылдың 8 маусымынан бастап авиабилеттерді броньдаудың барлық жүйелерінде, оның ішінде билеттерде, багаж биркаларында, ақпараттық таблода NQZ жаңа коды пайдаланылады», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ИАТА басшылығымен және сарапшыларымен бүкіл әлем бойынша әуежайлардың үш әріпті кодтарын тағайындау мен өзгерту бойынша ИАТА тәсілдерін өзгерту бағытында көп жұмыс атқарды. Осы жұмыстардың нәтижесінде әлемнің барлық елдері әуежайларының үш әріпті кодтарына өзгерістер енгізуге бірегей мүмкіндік болды. Сонымен қатар, еліміз азаматтық авиация өкілдерінің бүкіл әлем бойынша үш әріптен тұратын әуежай кодтарын тағайындау мен өзгерту туралы ИАТА қарарына түзету енгізу туралы бастамаларын қолдау мәселесін пысықтады.