Кәсіпкерлер қаржы құятын саласының тұрақты әрі сенімді болуына ерекше мән береді. Бұл жұмыстарды Инвестициялар және даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп атқармақ. Бүгін тараптар ортақ міндеттерін құжатпен бекітіп, меморандумға қол қойды. Халықаралық бизнес форум аясында елге тартылатын инвестицияның қауіпсіздігін күшейту тұрғысындағы өзге де бірқатар мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, тараптар ынтымақтаса отырып, «инвестицияларды қорғау» жобасының арнайы бюросын құратын болды.
Салауат Мұқсимов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:
- Жобалық кеңсенің ең басты мақсаты - еліміздегі барлық инвесторлардың және шетелдегі потенциалды инвесторлардың құқықтарын қорғау, соларға жағдай жасау. Кәсіпкерлердің күнделікті қызметіне заңсыз араласу. Ең басты проблема осыда. Сондықтан, осыған байланысты 900-ден астам факт тіркеліп, үш жыл бойы тиісті адамдар жауапкершілікке тартылып, 500-дей кәсіпкердің құқығы қорғалып отыр.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ