Шымкент қаласы ертеңнен бастап карантинге жабылады

03.04.2020

Ал Шымкент қаласындағы коронавирус жұқтырған бір отбасының азаматтары - 8 адамның жағдайы орташа. Оларға кесел қалада вирусқа шалдыққан тұрғыннан жұққан. Ал ертең 4 сәуір күні сағат кешкі 9-дан бастап Шымкент қаласы аумағында карантин жарияланады. Бас санитардың қаулысында көрсетілген мекемелерден бөлек меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылмақ. Тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және кіруіне тыйым салынады. 

Жалпы Түркістан облысында бүгін тағы 5 азаматтың қатерлі індет жұқтырғаны анықталды. Олардың барлығы да осыған дейін COVID-19-ы жұқтырған науқастармен байланыста болған. Науқастар қазіргі уақытта оқшауланып, ем қабылдауда. Осылайша өңірде коронавирус індетімен ауырған азаматтар саны 16 адамға жетті. Оның ішінде 10 науқас Жетісай ауданында, Кентау қаласында 2 адам, Арыс қаласы, Мақтаарал, Ордабасы және Сайрам аудандарында 1 адамнан тіркелді. Төтенше жағдайға байланысты кеше Түркістан қаласына әскери құрылымның 200-ден аса сарбазы мен бірнеше əскери техникасы кіргізілді. Енді олар қала аумағындағы блок-бекеттердегі төтенше жағдайға байланысты сақтық шаралары мен тыныштықты күзетуге ат салысады. Одан бөлек, қала көшелері мен қоғамдық орындарда және аулаларда вирусқа қарсы залалсыздандыру жұмыстарына да қатысады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


Хабарламаларға жазылу