Өскемен мен Семейге 2 сәуірден, яғни бүгін түнгі сағат 12-ден бастап қосымша шектеулер енгізіледі. Қалаға кіріп-шығу қатаң бақыланады. Қазір 15 бақылау бекеттері қойылған. Тек ең қажет тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылмақ.
Қазір екі қалада халыққа 6 сәуірден бастап үйден шығу үшін, рұқсатнамалар беріліп жатыр. Халыққа қазір беріліп жатқан рұқсатнама екі түрлі. Жасыл және ақ түсті. Жасыл түсті құжат жұп күндері, ақ түстісі тақ санға сәйкес келетін күндері үйден шығуға рұқсат береді. Оның өзінде тек азық-түлік дүкені, дәріхана, банктер мен медицина мекемелеріне ғана баруға рұқсат. Әр отбасына бір ғана рұқсатнама тиесілі. Осылайша, облыс басшылығы халықтың көшеде бейберекет жүруін шектемек.
6 сәуірге дейін рұқсатнама барлық тұрғындарға таратылып берілуі тиіс. Бірақ, халық сақтық шаралары сақталмай, бейберекет ұйымдастырылған жұмысты реттеуді талап етіп отыр. 2 сәуірден бастап Өскемен мен Семейде ірі сауда нысандары жабылады. Тек азық-түлік бөлімдері жұмыс істейді. Қызмет көрсету орталықтары толық тоқтайды. Жасы 70-тен асқан тұрғындарға және І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйге жеткізу ұйымдастырылмақ.
6 сәуірден бастап, қалада жеке көлік қозғалысы шектеледі. Қоғамдық көлік тоқтап, жұмыс істейтін азаматтарды тасымалдауды әр мекеме өздері ұйымдастырады.
Ержан ЖАҚЫП