Коронавирустың айрықша белгілерінің бірі — адам дәм, иіс сезу қабілетінен айырылады. Кей жағдайда, науқас мең-зең күйде болуы мүмкін. Егер осы белгілермен қоса, жұтқыншағыңыз құрғап, денеңіз қалшылдап, ыстығыңыз көтерілсе бірден жедел жәрдемге хабарласу қажет. Жұқпалы індеттің симптомдары тұмау және өзге де вирустық ауруларға ұқсас.
Ал егер мұрныңыз бітелсе, тамағыңыз ауырса демек сізге суық тиген. Вирусты, әсіресе, жүрек, демікпе, қант диабеті сияқты созылмалы аурумен науқастанғандар жұқтырса өте ауыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус ағзаға түссе инкубациялық кезең 14 күнге созылатынын айтады. Ал кейбір дәрігерлер алғашқы белгі 24 күнде білінетінін айтады. Тіпті, адам өзі ауырмай-ақ, өзгеге тасымалдауы да мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтқан клиникалық белгілер байқалса бірден жедел жәрдем шақырту керек. Ал жұқтырмаудың төте жолы үйден шықпай, карантин талаптарын сақтау.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ