Төтенше жағдай кезіндегі азаматтардың жүріп-тұру тәртібі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай кезіндегі азаматтардың жүріп-тұру тәртібі

27.03.2020

Интернетте және әлеуметтік желілерде коронавирустан сақтану жолдары мен ережелері көрсетілген түрлі парақшалар бар. Бірақ, олардың көбі жалпылама айтылған немесе бір ғана ережені қамтыған. Сол себепті, біз қазіргі төтенше жағдайда күнделікті өмірде сақтау керек маңызды ережелерді рет-ретімен назарыңызға ұсынамыз.

Бірінші ереже. Реті келсе ҮЙДЕН ШЫҚПАУ керек. Тек, өте-мөте қажет кезде ғана шығыңыз. Оның өзінде АДАМ КӨП ШОҒЫРЛАНҒАН ОРЫНДАРҒА БАРМАУ керек. Мысалға, саябақ, ойын алаңдары, базар тағысын тағы...

Екінші ереже. ӨЗГЕ АДАМДАРМЕН ҚАШЫҚТЫҚТА СӨЙЛЕСіңіз. Ол үшін байланыс құралдарын пайдаланған ләзім. Қонаққа бармаңыз , шақырмаңыз. Үйіңізге бөтен адам кірмегені жөн.

Үшінші ереже. ҮЙДЕН СИРЕК ШЫҒУ ҮШІН ТИІСТІ АМАЛДАРҒА КӨШУ керек. Яғни, қашықтықтан жұмыс істеп, тауар мен басқа да заттарды үйіңізге дейін жеткізіп беретін қызметті тұтынып, медициналық мекемлерге қатысты жоспарлаған істеріңізді кейінге шегеріңіз.

Төртінші ереже. ІНДЕТТІҢ ЖҰҒУ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ АЗАМАТТАРҒА ҮЙДЕН ШЫҚПАУ керек. Ол санатта; егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруға шалдыққандар, тыныс жүйесі мен жүрек аурулары бар адамдар және қант диабеті мен онколгиялық дертпен күресіп жүрген азаматтар бар.

Бесінші ереже. ЖЕКЕ БАС ГИГИЕНАСЫН САҚТАУ керек. Бұл жайлы түрлі бейнероликтер мен парақшаларда кеңінен айтылған.

Алтыншы ереже. ДАЛАҒА ШЫҚҚАНДА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАУ керек. Яғни, міндетті түрде маска мен қолғап және жеңі ұзын киім киіңіз. Сондай-ақ, адамдардан екі метр алшақтықта жүрген жөн.

Жетінші ереже. АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНІНЕ НЕМЕСЕ ДӘРІХАНАҒА ШЫҚҚАНДА ЕРЕЖЕДЕГІ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАУ керек. Яғни, адам көп шоғырланбағанына көз жеткізу, белгілі бір қашықтықты сақтау, мүмкіндік болса қолма-қол ақшаны қолданбау.

Сегізінші ереже. Амалсыздан, далаға шығып, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКке отыра қалсаңыз, САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН үмытпау керек. Адамдарға жақын тұрмауға, сөйлеспеуге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, терезені ашыңыз. Жол жүру барысында қолыңызбен бет-аузыңызды ұстамаңыз.

Тоғызыншы ереже. ҮЙГЕ КЕЛГЕНДЕ ГИГИЕНАЛЫҚ, САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ІСТЕУ керек. Яғни, кірген бетте ешнәрсені ұстамай, үсті-басыңызды және киіміңіз бен заттарыңызға толық дезинфекция жасаңыз.

Оныншы ереже. ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҮНЕМІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАУ керек. Күніне қан қысымыңызды екі мәрте тексеріп отырыңыз. Дәрумендер мен құнарлы тамақтарды тұтыныңыз. Денсаулығыңыз сыр бере қалса, жеке дәрігеріңіз немесе жедел-жәрдем шақырыңыз. Бірақ, ауруханалар мен емханаларға ешбір жағдайда да бармаңыз.

Он бірінші ереже. БАЛАЛАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАСАУ ТӘРТІБІН САҚТАУ керек. Ұзақ уақыт үйде отыра бергеннен бала күйзеліске ұшырауы мүмкін. Сондықтанғ көңілін аулап, түрлі ойындар ойнатып, уақытты тиімді пайдаланыңыз.

Он екінші ереже. КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАУ керек. Яғни, көршілер мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бірлесе тазалықты сақтап, көмекке мұқтаж көршілерге қол ұшын созып, басқа да қажетті шараларды тиянақты орындау керек.

Он үшінші ереже. ЕГЕР ҚАСЫҢЫЗДАҒЫ АДАМДЫ НЕМЕСЕ ЖАҚЫНЫҢЫЗДЫ АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗСА қажетті заттарын жинақтап, бірден үй ішіне толық дезинфекция жасау керек. Науқас қарым-қатынаста болған адамдардың тізімін жасауға көмектесіңіз. Олардың барлығы 14 күн карантинде болып, толық тексерістен өтеді.

Он төртінші ереже. СЕНІМДІ АҚПАРАТТАРДЫ АЛУ. Ол үшін «коронавирус2020.кз» сайтына немесе құзырлы органдардың ресми сайтына кіресіз. Сондай-ақ, «1406» нөміріне және жедел жәрдемге қоңырау шалыңыз.

Осы ережелерді толық сақтасаңыз сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндірмейсіз. Және коронавирусқа қарсы күреске өз үлесіңізді қосасыз.

Азамат НҰҒЫМАНОВ


Хабарламаларға жазылу