Бүгін тағы бір адамның індеттен айыққаны анықталды. Алайда Алматы вирусын жұқтырғандар бойынша әлі де елордадан кейін екінші орында. Бүгінге дейін 48 дерек тіркелді. Бір адам жазылып шықты. Дәрігерлер 45 науқастың жағдайын қанағаттанарлық деп отыр.
Алматыдағы 8 ауданның бәрінде Ковид-19 вирусының ошағы анықталып отыр. Қазір олардың саны 25-ке жетті. Алғаш рет қоршауға алынған «Сұңқар» ТК карантиннен босатылды. Сондай-ақ бүгін Тұрғыт Озал көшесіндегі номері 242 үйдің кіреберісі мен дүкеннің қоршауға алынған сәтін тұрғындардың бірі видеоға түсіріп алған. Куәгер дүкендегілердің бірінен вирус табылғанын және сол жерден азық-түлік сатып алғанын айтқан.
Карантин кезінде қала шетіндегі блок бекеттерден ақша төлеп өтуге бола ма? Алматы полициясы осы мәліметке қатысты тексеріс жүргізген. Алайда ақпарат расталған жоқ. Жалған ақпарат таратқандар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жазира ОРАЗ