Өкінішке қарай, Қазақстанда коронавирустан бір адам қайтыс болды. 64 жастағы әйел Ақмола облысына қарасты Қосшы ауылының тұрғыны.
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, марқұмның өліміне қант диабеті мен тыныс алу жолдарының тарылуы себеп болған. Ал өкпе дертіне коронавирус індеті әкеп соқтырған. 25 наурыз күні таңғы 7-де жағдайы нашарлаған науқас жедел жәрдеммен Ақмола облына қарасты № 2 көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Ол медициналық мекеме Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Кеше таңертең азаматша қайтыс болған. Мамандар зейнеткердің 13-17 наурыз аралығында Алматы және Шу қалаларында қонақта болғанын айтады. Ал дәл қазір марқұм жатқан аурухана карантинге алынды. Отбасы мүшелері мен құдалықта болған 6 алматылық оқшауланды.
Коронавирустан қайтыс болған әйелдің туыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты. Мұны Президент өзінің Twitter-дегі парақшасына жазған. Онда «64 жастағы әйелдің коронавирустан қайтыс болуы бұл індеттің аса қауіпті әрі карантинді сақтау өте маңызды екенін көрсетеді. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Елорда мен Алматыда карантин шараларын күшейтіп, Шымкентте шектеулер енгізу жөнінде шешім қабылданды. Осындай қажетті шара қолдануға мәжбүрміз. Эпидемияны бәріміз бірге жеңеміз. Одан сабақ алып, тиісті қорытынды жасаймыз»,-делінген. Ал марқұмды қалай жерлеу керектігі туралы ертең таңертең еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің ресми қаулысы шығады. Ол жерде қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі. Дәрігерлер айтқан санитарлық талаптарды орындау қажеттілігі туралы имамдар мен шіркеу қызметкерлері тиісті ескертулер әзірледі.
Сәуле АЛДАМҰРАТ