30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал туралы әкімдер А.Көлгінов пен Б.Сағынтаев баяндады.
Мемлекеттік комиссия коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті.
Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісе отырып анықталады.