Ескертуді елемеген Еуропа елдері вирустан зардап шегуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескертуді елемеген Еуропа елдері вирустан зардап шегуде

26.03.2020

Әлемде коронавирус пандемиясына қарсы карантин режимін дұрыс сақтамаған елдерде құрбандар саны күрт артты. Америкадағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, Covid-19 инфекциясынан планетада 21 мыңдай адам қайтыс болған. Сол құрбандардың басым бөлігі – еуропалықтар.

Италия құрбандар саны жағынан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Италияда жұмбақ дерттен 7 жарым мың адам жан тәсілім еткен.

Испания да коронавирус құрбандары саны жағынан Қытайдан озып, Италиядан кейінгі орынға шыққан. Мадридте 1800-орындық мұз айдыны сарайы вирустан қайтыс болғандардың денелерін жинайтын мәйітханаға айналып отыр.

Covid-19-дан Қытайда 3285, Испанияда 3434 адам қаза тапты. Қазір Франциядағы жағдай да ушығып барады. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Париж госпитальдерінде бүгінде мыңнан астам адам ауыр халде жатыр.

АҚШ-та коронавирусты 70 мыңдай адам жұқтырып, мыңнан астамы қайтыс болды. Қауіптің ауқымдылығын мойындай отырып, сәрсенбі күні Сенат экономиканы құтқаруға 2.2 триллион доллар бөлуге келісті.

Ал, Иран әскері Тегеранның Халықаралық көрме орталығын 2000-орындық госпитальге айналдырды. Айта кетсек, Ислам Республикасында Covid-19-дан сәрсенбіге дейін 2077 адам құрбан болған.

Соңғы мәліметке қарағанда, Ресейде жаңа инфекциядан екі адам қайтыс болып, оны жұқтырғандар саны 660-қа жуықтап қалды. Коронавирус оқиғалары жиілегендіктен, Мәскеу наурыздың 27-нен бастап әлем елдерімен әуе қатынастарын доғарады.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу