Төтенше жағдай тәртібін бұзғандар жазалануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай тәртібін бұзғандар жазалануда

25.03.2020

Төтенше жағдай кезінде тәртіпті сақтамай, жауапсыздық танытып жатқандар әлі де тыйылар емес. Бірақ әр өңірде құрылған жедел штаб өкілдері дәмхана, мейрамхана иелерінің заңсыз әрекетін әшкерелеп, оларды жауапқа тартуда.

Мәселен, Қызылордада уақыт шектеуіне қарамастан түнде жұмыс істеген 18 кәсіпкерлік нысан анықталып, олардың иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, үйінде той өткізген тұрғынға айыппұл салынды. Ал төтенше жағдай кезінде жұмысына тыйым салынғанын елемей, есігін айқара ашқан «плестейшн» ойынханасының иесі уақытша қамауға алынды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында түнгі 10-нан кейін жұмыс істеген 11 мейрамхана иесі жауапқа тартылды. Талапты өрескел бұзған 8 кәсіпкер қамауға алынса, үшеуіне айыппұл салынды. Тағы екі көңіл көтеру орнының қожайынына қатысты іс сотта қаралуда. Өңірдегі мобильді топ рейдтік шараларға күнбе-күн шығуда.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу