Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып тығырыққа тірелген азаматтарға мемлекеттен жәрдем жасалады. 1,5 миллионға жуық адамға ең төменгі жалақының мөлшері, яғни 42 500 теңгеден төленеді. Жалпы, дағдағдарысқа қарсы шараларға 4,4 триллион теңге бөлінетін болды. Бүгін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліккке бұқараны қолдау мен қорғауға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Дәл осы дағдарыс кезеңінде шағын және орта бизнеске айрықша мән берілуде. Төтенше жағдай кезеңінде бизнестің несиесіне айыппұлдармен үстемақылар қосылмайды. Бұдан бөлек, салықтың барлық түрінен үш айға босатылады. Қосымша құн салығының көлемін уақытша төмендету мәселесі де қарастырылмақ. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруды 1 триллион теңгеге дейін өсті. Шағын және орта бизнесті несиелендіруге қосымша 600 миллиард теңге бөлінеді. Қолдау шараларының түпкі мақсаты халықты жұмыспен қамту, табысын арттыру.
Президент атқарушы билікке мемлекеттік комиссияның отырысында айтылған тапсырмалардың мерзімді әрі сапалы орындалуын ескертті.
Ербол МӘНДІБЕК