Ерікті жастар халыққа қолғабыс қылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерікті жастар халыққа қолғабыс қылуда

20.03.2020

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Еліміздегі волонтерлар баршаға ортақ ауыртпалықты бірлесе жеңуге ат салысуда. Белсенді жастар қариялар мен көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріне апарып беріп жатыр. Осылайша, қайырымды іс жасап қана қоймай, дүкендер мен дәріханаларға келушілер қатарын азайтып, көпшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мейлінше өз үлестерін қосуда.

Керекулік жастар да игі істен шет қалмады. Олар көп балалы жанұялар мен егде тартқан адамдарға қолдан келгенше жәрдемдесуде.

Ал ақтөбелік жастар 30-дан астам отбасыға азық-түлік жеткізіп берді. Одан бөлек медициналық бетперде мен індеттен қорғану ережелері жазылған арнайы жадынамаларды тарату жұмысын да өз мойындарына алған. Волонтерлардың қатары күн сайын артып келеді. Бүгін тағы 30-дан астам жас хабарласып, көмек көрсетуге әзір екендіктерін айтқан.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу