Дәйексіз мәлімет, дәлелсіз ақпармен елді дүрліктіретін жүгенсіздік әлі де тыйылар емес. Төрткүл дүние дүрбелеңге салынып, елде төтенше жағдай жарияланған қысылтаяң кезде тәртіпке бағынбай, талапты бұзғандар да баршылық.
«Қызылордадағы оқшаулау орталығында 30 Қытай азаматы карантинде жатыр» деп ватсап желісі арқылы жалған ақпарат таратқан адам анықталды. Бейәдеп әрекетке барған жергілікті ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін медицина қызметкері болып шықты. Басы дауға қалған қызметшіге ескерту жасалып, ол ішкі тәртіптік шарамен құтылды.
Ал Қостанайдың тұрғыны ескертумен құтылмады. Қылмыстық жауапқа тартылды. Ол «Германиядан Қарабалық ауданына келген отбасы дене қызуымен жергілікті ауруханаға жатқызылды» деп әлеуметтік желіде аудио хабар таратқан. 38 жастағы азаматты полцейлері іздеп тапты. Тергеу кезінде оның таратқан хабары бастан – аяқ ойдан шығарылғаны анықталды.
Тәртіп бұзып, жаза арқалағанның бірі оралдық мейрамхана иесі. Тыйым салынғанына қарамастан, бір топ адам көңіл көтеріп, туған күн тойлап жатқан. Арнайы рейд барысында тәртіпсіздікке жол берген мекеме қожайынына ескерту жасалып, хаттама толтырылды. Іс сотқа жолданып, айыппұл салынады немесе кәсіпкер 15 тәулікке қамалуы мүмкін.
Дәуренбек ӘБДІБЕК