Сауда орталықтары мен азық-түлік сататын базарлар қалыпты режимде жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда орталықтары мен азық-түлік сататын базарлар қалыпты режимде жұмыс істейді

16.03.2020

Сауда орталықтары мен азық-түлік сататын базарлар өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырады. Тек санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілді. Саудагерлер мен қызметкерлерге маска тағу міндеттелді.

Нұр-Сұлтан қаласында 6 айға жететін азық-түлік қоры бар. Бұл – әкімшілік өкілдерінің өз сөзі. Иә, расында шаһардағы ең ірі азық-түлік базарында тапшылық байқалмайды. Сапырылысқан халық та көрмедік.

Енді ресторанда 50 адамнан арттық жиналуға болмайды. Демек, той тоқтайды. Қонақтар саны елуден аз жиын өткен күннің өзінде кешкі 22-00 ге дейін сауық-сайран тоқтауы тиіс. Калянға да рұқсат жоқ. Әлбетте, жұмысы қас қарая басталатын түнгі клубтардың да есігіне қара құлып ілінбек. Сауда орталықтары таңғы 10-нан кешкі 18-00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ ішіндегі кинотеатр, балалардың ойын алаңы қызметін тоқтатты. Ал, супермаркеттер мен бутиктер қалыпты жағдайда саудасын жасай бермек.

Сауда орталықтарында есіктен кіре берісте, қолыңызға арнайы сұйықтық құйып, температураңызды өлшейді. Төтенше жағдайға байланысты бас қаланың тіршілігі тұраламайды. Қоғамдық көліктер қалыпты режимде жұмыс істейді. Соңғы аялдамада автобустар толық дезинфекцияланады.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу