Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде қазақстандықтарға үндеу жасады. «Мемлекет басшысы төтенше жағдай режімін енгізді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл бұрын болмаған, бірақ өкінішке қарай мәжбүрлі қадам. Эпидемия басталған сәттен-ақ қатаң шаралар қабылдаған елдер аурудың таралуын айтарлықтай бәсеңдеткенін тәжірибе көрсетіп отыр. Президент енгізген шектеулерге қарамастан, азаматтар жаңа жағдайда өмірлерінің қалай болатындығын сұрап жатыр. Төтенше жағдай режімі қатаң шараларға қарамастан елдің экономикалық өмірін тоқтатып тастауға бағытталмаған»,- деп жазды министр Facebook парақшасында. Абаевтың айтуынша ел аумағындағы азық-түлік дүкендері, супермаркеттер және олардың қоймалары штаттық режімде жұмыс істейді. Сондықтан азық-түліктің барлығын сатып алып кетеді деп қорқудың және дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Халық үшін енгізілген шараларға түсіністікпен қараңыздар деген.