Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрінің есебін тыңдады. Вирустың алдын алу шараларын ширату жөнінде нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жаппай мәдени және спорттық шаралар, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынады. Халық көп шоғырланатын жерлерге, сауда орталықтары мен базарларға, қоғамдық орындарға, вокзалдар мен әуежайларға қатаң санитарлық режим енгізіледі. Мектептердегі көктемгі демалыс 16 наурыздан басталады. Жоғары оқу орындары қашықтан оқыту әдісіне көшіріледі. Халықаралық әуе тасымалына қатысты да қосымша шектеулер қойылады. Сондай-ақ Президент халықты азық-түлікпен, қажетті тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін ерекше атап өтті. Әрі шектеу шараларынан шағын және орта бизнестің зардап шекпеуін қадағалауды ескертті.
Айбек ҚОБДАБАЙ