Алматыда «Еуразия апталығы» форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Еуразия апталығы» форумы басталды

24.10.2017

Алматыда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Еуразия апталығы» форумы басталды. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған әлемдік жиын Еуразия құрлығында алғаш рет өтіп отыр. Ұйымның бас хатшысы Анхель Гурриа енді халықаралық ұйым мен аймақ мемлекеттері арасындағы байланыстың нығаятындығын айтты. Басқосуға Қазақстан, Армения, Украина, Әзербайжан және Моңғолия секілді 13 мемлекеттің өкілдері келді.

Үш күндік ауқымды форумда бірнеше іскерлік кездесу жоспарланып отыр. Алғашқы отырыста жиналғандар ұйым жұмысын жүйелеудің ортақ мәселелерін талқылауға кірісті. Ал, ертең белді сарапшылар бәсекелестікті арттырудың озық тәжірибелері, жекеменшік сектор мен жан-жақты даму жолдарын қарастырмақшы. 

Анхель Гурриа, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы:

- Ең негізгі міндеттердің бірі - ашық нарық қалыптастыру екендігін айтамын. Қазақстан қазір осындай әлемдік мәселелерге белсене қатысады. Сондықтан, біз ауқымды жиынды Алматыда өткізуді жөн көрдік. Жалпы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия мемлекеттеріндегі кәсіпкерлік, инновация, шағын және орта бизнестің өркендеуін әркез қолдайды. Осы бағытта мемлекеттер арасындағы нарықтық кедергілерді алып тастау қажет.

Форум аясында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев арнайы баяндама оқып, әлемнің озық елдерімен арадағы ынтымақтың әрі қарай жандана түсетіндігін атап өтті. Мәселен, 2015 жылдан бастап Қазақстан мен ЭЫДҰ арасында тәжірибе алмасудың жаңа платформасы қалыптасып үлгерді. Осы іскерлік байланысты 2018 жылға дейін ұзарту ұсынысы мақұлданды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының Елдік бағдарламасына сәйкес, біздің еліміз реформалар жүргізу мен ЭЫДҰ-ның озық экономикалық стандарттарын енгізу бойынша әріптестікті кеңейтуге ниетті. Осы мақсатта Үкімет биыл ЭЫДҰ-ның ұсыныстарын іске асыру бойынша ұлттық Жол картасын бекітті.

Алқалы жиыннан кейін Премьер-министр жұмыс сапарымен Алматыдағы медициналық орталықтардың инновациялық емдеу тәсілдерін көріп, нысанды аралады. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев ірі мегаполистегі бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысымен де танысты.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу