Бензин арзандаудың орнына қымбаттап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бензин арзандаудың орнына қымбаттап барады

11.03.2020

Бензин арзандаудың орнына қымбаттап барады. Еліміздің көлік жүргізушілері жанармайдың 2-3 теңгеге өскенін айтып шағымдануда. Мәселен, көп жерде 159 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы қазір 160-163 теңгеден сатылып жатыр. Осылайша әлемдік нарықта мұнай құны арзандап тұрғанда, бензин бағасы көтеріліп келеді.  

Ал жұрт көп тұтынатын АИ-92-нің бағасы 159-160 кей жерде 163 теңгеден сатылып жатыр. Яғни қара алтын құны құлдырап тұрса да, бензиннің арзандайтын түрі жоқ. Өйткені елімізде жанармай бағасы онсыз да арзан дейді мамандар. Тағы түссе, кәсіпкерлерге шығын. Оның үстіне мұнай өңдейтін зауыттарға қара алтын арзанға яғни, барреліне 25-30 доллардан беріледі. Сондықтан мұнай арзандаса да оның бензин бағасына әсері жоқ.

Оның үстіне бензиннің бағасында мұнайдың үлесі небары 27 пайыз. Сондықтан бағаны тек нарық реттейді. Мұны Энергетика министрі де айтып отыр. Десе де девальвация болып, теңге тағы құлдырап кетсе, бензин қымбаттауы мүмкін бе? Нұрлан Ноғаев бұл сұраққа жауап таба алмады.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу