Тараздағы мектепте мұғалімдер директорға ақша жинаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы мектепте мұғалімдер директорға ақша жинаған

08.03.2020

Тараздағы №43 мектепте «директорға: жиналатын ақшаның есебін беріп отырыңыз» дегені үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеп, Президент Қ. Тоқаев пен Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовке әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдаған осы мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова қызметіне қайта оралыпты. Мектеп директоры Эльмира Өмірбекова қалалық білім бөлімінің жанынан құрылған келісім комиссиясының шешімі негізінде, К.Бөрімбекованы қызметіне қайта қабылдау және бос жүрген күндері үшін жалақысын төлеу туралы бұйрық шығарды. Сонымен бірге «заңсыз ақша жинау» мен басқа да келеңсіз жайттар туралы деректерді тексеруді аяқтағанға дейін жұмысынан уақытша шеттетілді.

 Мектеп директорлары туралы айтылатын «әңгімелер» көбіне дәлелденбейді, бұл жолы қалай болар екен? «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заң шықса да, ең бастысы - заман талабы өзгерсе де, өзгермейтін директорлар бар. Мұғалімдерді мансұқ етуді алдымен осы директорлар бастайды. Тілін тістеп, ішінен тынып жүретін мұғалім қалай еркін ойлы бала тәрбиелейді?

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу