Оңтүстік Кореядан келген 100 адам карантинде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореядан келген 100 адам карантинде жатыр

06.03.2020

Оның жетеуі шет ел азаматтары. Олар Сеул-Алматы рейсінің жолаушылары. Бортта барлығы 197 адам болған. Оның 93-і қазақстандық. Қалғаны Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Тәжікстан және Оңтүстік Корея азаматтары. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғыз елі осы рейспен келген 21 азаматын арнайы автобуспен алып кеткен. Қарантинде жатқандардың арасында 4 бала бар. 14 күнге оқшауланған адамдардың бәрі дәрігерлердің бақылауында. Кеше денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аса қауіпті ел екеніне қарамастан Оңтүстік Кореяға кетіп жатқандар легі тоқтамай тұрғанын айтқан болатын. Олардың көбісі кәсіпкерлер. Естеріңізге сала кетейік, жаңа қаулы бойынша, коронавирус тараған қауіпті елдердің қатарына Оңтүстік Корея да кірді. Бұған дейін аса қауіпті елдер қатарында Қытай мен Иран ғана болған. Енді осы үш мемлекеттен келген азаматтар бірінші санаттың тәртібі бойынша тексеріледі. Яғни, 14 күнге ауруханаға жатқызылады. 10 күн дәрігерлердің бақылауында болады. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу