Президент Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін қабылдады

05.03.2020

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамастан жәрдемақы беру, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан кешенді шаралары жайында баяндалды. Сондай-ақ, министр мемлекеттік қызметшілердің мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа шығуы заңға қайшы емес екенін және өзгертулер енгізуді талап етпейтінін жеткізді. Еңбек кодексі бойынша жұмысқа шыққан мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы 1,5 есе көлемінде төленеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар Президент шет елден жұмыс күшін тарту мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.


Хабарламаларға жазылу