«Қазақстан» РТРК» АҚ «Қазақ радиолары» ЖШС ұйымдастыруымен елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында «Мың алғыс» қайырымдылық кеші өтті. Қайырымдылық концертінде кештің басты кейіпкері, бас-сүйек ісігі ауруына шалдыққан Самат Ақбергеновке 19 млн. теңгеден астам қаражат табысталды. Мұндай соманы қазақстандықтар радиоэфир және әлеуметтік желі арқылы бір күннің ішінде жинап берді.
Акцияға волонтер әрі блогер Дәулет Төлеутай белсенді атсалысты. 29 ақпанда, яғни ертең Самат ота жасату үшін Мәскеуге аттанады.
Дәстүрлі түрде үшінші рет өткен биылғы «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде Самат Ақбергеновтен өзге тағы да бірқатар қазақстандықтарға көмек көрсетілді.
Дәстүрлі түрде үшінші рет өткен биылғы «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде Самат Ақбергеновтен өзге тағы да бірқатар қазақстандықтарға көмек көрсетілді.
Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?!» бағдарламасының арқасында 36 жылдан соң Германияда әскери борышын өтеген Мұхит Марасулов пен Балтабай Ақжанов кездесті.
Шешенстан Республикасы Грозный қаласында тұратын Мариям Рамазанқызы 56 жылдан соң туған әпкесі Наталья Метельскаямен табысты.
«Менің Атамекенім» қайырымдылық қоры Жансая Пішенбайдың қолына пластикалық операция жасау үшін 1 200 000 тг табыстады.
«Харекет» қайырымдылық қоры 3 отбасына баспана кілтін табыстады. Олардың бірі Қарағанды қаласы, екеуі Ақмола облысынан.
Кештің телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан 1 наурыз 12:30-да көрсетіледі.