Бір түнде 26 мың отбасы жер аударылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір түнде 26 мың отбасы жер аударылған

28.02.2020
Бір түнде 26 мың отбасы жер аударылған

Украин халқының қазақ жеріне қоныс аударуы туралы деректер аз.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырда Ресей империясының ықпалы күшейген тұста Екатерина II-нің Жарлығымен 1768 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушылары Орал, Тобыл, Іле, Есіл, Ертіс өзендерінің алқаптарына жіберілген. 

1775 жылы запорождік казактар да мұнда жер аударылған. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында украиндер күштеп қоныс аударылды. 

ХІХ ғасырда халықтың қазақ даласына қоныс аударуы патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыру мүддесіне байланысты болды. Отаршылдық саясаты ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, 1917 жылғы төнкеріске дейін созылған. 

XIX ғасырдың екінші жартысында украиндердің қазақ даласына қоныс аударуының қарқыны күшейе түсті. Көші-қон 1861 жылдан бастап басыбайлылық құқық жойылғаннан кейін және Сібір темір жолы ашылғаннан кейін тіпті үдеді. 

Ресей империясының алғашқы және бірегей жалпыхалықтық санағы 1897 жылы өтті, оның статистикасына негізделсек, XІХ ғасырдың аяғында Қазақстан аумағында тұрған украиндер саны 86,7 мың адам болды, (басқа деректер бойынша – 93,2 немесе 93,4 мың адам), ал 1917 жылы қоныс аударушылардың саны 8 есеге өскен. Қоныс аударушылардың саны 700 мың адамнан асқан. 

1926 жылғы жалпыодақтық санақ бойынша Қазақстандағы украиндер саны 150 мың тұрғынға өсіп, 860 201 адамды құрады. 1917-1921 жж. төңкеріс пен азамат соғысында қоныс аудару үдерісі баяу жүрді. Ал 1928 жылдан бастап, яғни ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру және кулактар қауымын тап ретінде жою дәуірлерінде Украинадан миллионға жуық адам жер аударылып жіберілген. 1930 жылдардың аяғында қоныс аудару толқыны өзінің шырқау шыңына жетті. Сол кезде (1939 жылы) Кеңестік Одағына Батыс Украина аймағы күштеп қосылған. Соның нәтижесінде украиндер қазақ жеріне жер аударылған. 

1947 жылғы 10 қыркүйекте КСРО Министрлер кеңесінің «Украинаның батыс облысындағы белсенді бандылар мен тұтқындарды Қарағандыға, Архангельскке, Володовскийге, Кемеровоға, Кировқа, Молотовқа, Свердловқа, Түменге, Челябіге көшіру туралы» жарлығы қабылданды. Бұл жоспар бойынша Батыс Украинадан 75 мыңға жуық адамды күштеп көшіру көзделген, 21 қазанда «Батыс» операциясы басталды. Бір тәуліктің ішінде 26,6 мың отбасы жер аударылған.

1950–1960-шы жылдары — тың игеру, өнеркәсіптік және кен-тау кәсіпорындарының салыну уақыты. Бұл кезде Кеңес үкіметінің шақыруы бойынша украин жастары Қазақстанға аттанды. Кейбір деректер бойынша, Қазақстанға тың игеруге 300 мың украин келді.

ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдардың басында Қазақстанда тұратын украиндер саны азая бастады.

Жалпы, мәжбүрлеп көшіру саясаты кезінде туған мекенінен айырылып, қазақтың жапан даласына келген украиндерге халқымыз мейірімділік танытып, демеу бола білді, бауырына басты. Өзі аш-жалаңаш отырса да, бір үзім нанды бөліп жеді. 

Бүгінде Қазақстан - олардың екінші отаны.

e-history.kz

Хабарламаларға жазылу