Алматыда тіл мамандары әліпбидің іріктелген нұсқаларын талқылады. Ғалымдар бұған дейін бекітілген, алайда жетілдіруді қажет ететін акут нұсқасы, умлаутты әліпби жобасы мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мамандары ұсынған нұсқаны жан жақты саралап, ой бөлісті. Бұған дейін аталған әліпби жобалары тіл мамандары арасында, әлеуметтік желіде ашық талқыдан өтіп, қай нұсқа қолдануға тиімді екенін анықтау үшін түрлі сауалнама жұмыстары жүргізілген. Ал ақпарат құралдарында әліпбиді жетілдіруге байланысты 90-ға жуық материал жарық көрген. Кеңейтілген кеңесте осы талдаулардың қорытындылары баяндалды. Жиналғандар жаңа әліпбиде "бір дыбыс, бір таңба" қағидатынының сақталуы, белгілердің сабақтастығы, таңбалардың халықаралық жүйеге сай болуы және қазақ тілінің табиғатына сай реттіліктің сақталуы аса маңызды екенін атап өтті..
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ