Бала саны сегізден көп отбасыларға жәрдемақы 1 қаңтардан есептеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала саны сегізден көп отбасыларға жәрдемақы 1 қаңтардан есептеледі

19.02.2020

Бала саны сегізден көп болған отбасыға төленетін жәрдемақы биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап есептеледі. Заң қабылданған соң төлем айырмасы қосымша берілді. Мәжіліс осыған қатысты арнайы заң жобасын қарауға алды. Себебі қазір бала саны жетіден көп болса да, артық сома қосылмай, жәрдемақы 74 мың теңген аспайды.

Отбасында бала көбейген сайын жәрдемақы да өсуі керек. Бұл – халықтың қалауы, депутаттардың талабы. Алайда қазіргі қолданыстағы заңда ол жоқ. Яғни есеп 7 перзентке дейін, ал одан кейінгі балалар ескерусіз қалған. Мұны депутаттар өңірлерді аралап, жұртшылықпен кездескенде көкейге түйген. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға кірісіп кетті.

Қазіргі таңда 7 баласы барлар да 15 баласы барлар да бірдей жәрдемақы алады. 74 мың теңге. Енді әр баланың несібесі жеке есептеледі. Әр перзент үшін 4 АЕК, яғни 10 600 теңгеден қосылады. Мысалы, қазір 4 балаға 42 мың теңгеден тисе, бала саны артқан сайын жәрдемақы да көбейеді. ал, 15-ші нәрестеге үшін ай сайынғы жәрдемақы 159 мың теңге болмақ.

Сондықтан депутаттар созбалаңға салмай заң жобасын шұғыл қабылдамақ.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу