Әуреге салған ақ түтек боран арқаға қайта оралды. Соның салдарынан бас қаладағы көлік қозғалысы қиындап, мыңдаған адам жұмысқа уақытылы жете алмай қалған. Мектеп оқушылары да сабаққа бармады. Коммуналдық қызмет күні-түні қар тазалағанымен, жолдарды ашып үлгермей жатыр.
Боранда ит пен бала ғана емес, таксисттерде құтырады. Кейбірі бағаны үш есеге дейін өсіріп жіберген. Бірақ жанашыр жүргізушілер де жоқ емес. Жолаушыларды тегін тасып жатты. Сондай сәтке біз де куә болдық.
Бір түнде қардың бір айлық нормасы түскен. Оған ұйтқи соққан желді тағы қосыңыз. Жел епкіні 50 метр секундқа дейін жетеді. Адам түгілі көлікті шайқайды.
Қаңтардағы қалың қардан қала енді-енді тазара берген сәтте, ақпанның ақ түтек бораны бұқараны әбігерге салды.
Ресми санға сенсек, қыс басталғалы 4 миллион текше метр қар тасылыпты. Бұл 326 мың рейске пара-пар ауқым. Осының өзі-ақ биылғы қыстың қаншалықты қарлы екенін аңғартса керек.
Ғабит БӨКЕНБАЙ