Б.Сапарбаев Қордайдағы әлеуметтік нысандарды аралады

14.02.2020

Жамбыл облысының Қордай ауданында әлеуметтік нысандар қалыпты жұмыс істеп жатыр. Бүгін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қарасу, Масаншы, Қаркемер, Ауқатты және Сортөбе ауылдарына барып, жағдайды көзбен көрді. Қираған нысандар қалпына келтіріліп, құрылыс қыза түскен. Бүлінген бағдаршамдар іске косылып, көшелердегі көлік қозғалысы реттелген. Балабақшалар мен мектептер жұмыс істеп тұр. Мысалы, Масаншыдағы 16-орта мектепте 873 бала білім алады. Осы күндері оқушылардың сабаққа келуі 25 пайызға төмендеген. Облыс басшысы тез арада барлық баланы қамтуды тапсырды.

Ал кеше Бердібек Сапарбаев алғашқы аппарат жиынын өткізді. Аймақ басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әуелі жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды міндеттеді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін соңғы үлгідегі заманауи техника әкелу керек. Бұл – ішкі жалпы өнімді еселеуге сеп. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды да көбейтуге күш салынуы тиіс деген облыс әкімі Ішкі саясат басқармасының жұмысын сынға алды. Қоғаммен қажетті байланыс жоқтың қасы. Тіл туралы заңды орындауда олқылық көп. Құрылыс сапасына да күмән көп.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу