Арқалықтағы ет комбинаты шикізат тапшылығынан жұмыс істей алмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалықтағы ет комбинаты шикізат тапшылығынан жұмыс істей алмай тұр

12.02.2020

Қостанайдың оңтүстік өңіріндегі шаруалар өздері аттай қалап аштырған ет комбинатына мал тапсыруға құлықсыз. Соның кесірінен екі жыл бұрын іске қосылған Арқалықтағы кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істей алмай тұр. Басты кедергі – шикізат тапшылығы. Комбинаттың қуаты тәулігіне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға жетеді. Алайда ол қазір осы тәуліктік нормасын бір аптада әзер орындайды.

Торғай өңірі шөлейт. Егіншілікке қолайсыз, алайда – төрт түлікке жайлы. Ресми мәлімет бойынша 100 мыңға жуық ірі қара өсіріп отыр. Бірақ өңірдегі малдың дені оңтүстікке кетеді.

Ал Арқалық комбинат малды әрі кеткенде 130-140 мың теңгеге алады. Сондықтан шаруалар анда-санда келсе де қымбат баға ұсынатын саудагерлерді күтеді. Егер кәсіпорын шикізатты қымбатқа алса, өңделген өнімнің бағасы да шарықтайды. Мұндай жағдайда бәсекелестікке төтеп беру мүмкін емес.

Ал шикізат жетіспеушілігін шешу үшін бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Әзірге кәсіпорын басшыларына осылайша тығырықтан шығар жол іздегеннен басқа амал қалмай тұр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу